Зиянкес жәндіктерден сақ болыңыз!

Жазда барлығымыз да табиғат аясына шыққанды жақсы көреміз.  Ал, тау мен өзен-суларда адам денсаулығына зиянын келтіретін жәндіктер өте көп. Осыны ескере отырып, студенттерге сақтық шараларын ескерту мақсатында келесідей сақтық шараларын ұсынамыз.
      
Студенттер жаз мезгілінде улы жәндіктерден сақ болулары керек. Өйткені, кей жәндіктердің уы өлімге алып келеді екен. Солардың бірі – жыландар екені белгілі. «Жылан шаққан жағдайда тез арада медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгіну керек. Өз бетінше ешқандай ем-шаралар жүргізуге болмайды»,- дейді медицина орталығының жетекшісі. Табиғатта кездесетін кенелер де адам өміріне аса қауіпті. Жалпы, кене мидың қабынуы мен қырым безгегі секілді ауруларға алып келетін жәндік. Сондықтан, кене шаққан сәтте де дереу дәрігерге, не жақын арадағы дәрігерлік кеңсеге жету керек. Онда мамандар арнайы вакцина салып, керекті ем-шараларын жүргізуі тиіс. Сәуле Базарбаева: «Жаз айында түрлі масалар мен шіркей-құмытылар да адамға жайсыздық туғызады. Кей адамдардың аталған жәндіктерге аллергиясы болуы ықтимал. Сондықтан, көкке не табиғат аясына шыққанда, аллергиясы бар адамдар  өзімен бірге арнайы дәрілерін ала шығулары керек». Жаз айы – шомылу мезгілі екенін жақсы білеміз. Дәрігер-маман шомылуға қатысты да бірнеше сақтық шараларын ескертеді. Сөзінше, лас күйдегі шомылу орындарына суға түсуге болмайды. Онда гепатит секілді ауру түрлерін тудырушы жәндіктер болуы ықтимал. Сонымен қоса, шомылуға рұқсат берілген әрі санитарлық-эпидемиолог мамандар тексерісінен өткен орындарда ғана шомылу керек. «Тағы бір ескертер жайт, табиғат аясына демалуға барғанда күннің ыстығына қарамастан, үсті-басты толықтай жауып тұратын киімдер кию керек. Аяққа да жабық аяқ киім киген дұрыс»,- дейді дәрігер. Ендеше, студенттер осы аталған сақтық шараларын сақтап, келесі оқу жылында аман-есен оралсын дейміз.